Алматылықтар бюджет қаржысына өз идеяларын іске асыра алады

Қымбат Елтайқызы

Ол үшін өтінім беру қажет

фото: Halyq Uni

Алматының қай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысу үшін ең көп өтінім берілгені айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қалалық бағдарламаға өтінім қабылдау 9-шы қыркүйек күні басталды. Екі апта ішінде шаһар тұрғындарынан budget.open-almaty.kz сайтына шамамен 2 500 өтінім түсті, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.

Бүгінгі таңда ең көп ұсыныс Жетісу ауданынан, 24 қыркүйектегі мәліметке сай, шамамен 700 өтінім түскен. Екінші орында Наурызбай ауданы, оның тұрғындары сайтқа 500 өтінім орналастырған, – деп қосты ведомство.

Тұрғындар негізінен келесі бағыттар бойынша жобаларын ұсынады: күрке орнату мен жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату, орындықтар, қоқыс жәшіктері, ойын әрі демалыс жабдықтары мен құрылғыларды қоғамдық орындарға орнату, аулаларды, көшелерді көгалдандыру және жарықтандыру.

2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша идеяларды жүзеге асыру үшін биыл 25-ші қыркүйекке дейін budget.open-almaty.kz порталында өтінім беру керек. Аулаларды, көшелерді әрі қала аудандарын көріктендіру бойынша ұсынысты кез келген кәмелетке толған тұрғын бюджет ақшасы есебінен ұсына алады.

Конкурс өтінім қабылдау, сараптамалық бағалау, жобаларды жетілдіру, түзетіліп, толықтырылған ұсыныстарды қарау, дауыс беру, дауыс нәтижесін қорытындылау, бюджеттік өтінімді қалыптастыру, жобаларды іске асыру сияқты сегіз кезеңнен тұрады. Өтінімде жоба атауы, сипаттамасы, мекенжайы, болжамды суреттері, схемасы немесе эскизі мен сметасы болуға тиіс. Бір өтінімнің сомасы 92,3 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауы қажет, – деп толықтырды әкімдік.

Жобалар мына санаттар бойынша қабылданады: көгалдандыру, тротуар салу және жөндеу, пандустар, арықтар, қоғамдық орындарды құру, жөндеу әрі жарықтандыру, жиектастар, плиткалар, тірек қабырғаларын жөндеу, қоқыстарды жою, күркелерді, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, балалар ойын жабдықтары мен ересектерге арналған демалыс аймақтарын орнату және жөндеу, аула аумақтары әрі қоғамдық орындардағы спорттық немесе ойын алаңдарын орнату, жөндеу мен жарықтандыру, санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету.

Бағдарлама ережесі туралы толығырақ budget.open-almaty.kz интернет-порталынан оқуға болады.