×

Президент тапсырмасы: шаруалар суды қалай үнемдеуге кірісті

Олар қандай көмек ала алады?

 Қымбат Елтайқызы 24.09.2024 | 15:20
фото: АШМ

Агроөнеркәсіптік кешен аясында су ресурстары қалай басқарылып отыр? Мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруаларға су ресурстарына қолжетімділік артты ма? Halyq Uni тілшісінің осындай ресми сауалына Су ресурстары және ирригация министрлігі жауап берді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның су қоры 106 текше шақырымды құрайды. Оның 55,7 пайызы ел аумағында қалыптасады, ал қалған 44,3 пайызы көршілес елдерден келеді. Экономиканың қажеттіліктері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның 65 пайызы ауыл шаруашылықтың, 25 пайызы өнеркәсіптің қажеттіліктеріне бағытталған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, биыл тұрақты суаруға барлық су алу шамамен 11,6 текше километрді құрады. Оның 11,3 текше километрі немесе 97 пайызы оңтүстік бес облысқа тиесілі. Бұл Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары. Биыл негізгі өзен бассейндерінде, әсіресе елдің оңтүстік аймақтарында судың аз болу циклінің жалғасуына қарамастан, қабылданған шаралардың нәтижесінде вегетациялық кезең тұрақты өтті, – деп қосты ведомство.

Көршілес елдермен ынтымақтастық аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесіне ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне Сырдария, Шу және Талас өзендері бойынша ағын су толық жеткізілді. Ішкі су көздерінде де су тапшылығы байқалған жоқ. Су сұратылған өтінімдерге сәйкес толық көлемде берілді.

Қазіргі уақытта суды үнемдеу және суды үнемдеу технологиясына көшу әсіресе ауыл шаруашылығында қажеттілікке айналып отыр. Мемлекет басшысы су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы проблемасының өзектілігін атап өтіп, озық су үнемдеу технологияларын енгізуді жыл сайын 150 мың гектарға дейін жеделдетуді тапсырды. Су тапшылығын азайтудың басты факторы – су үнемдеу технологияларын енгізу. Биыл министрлік АШМ және ҰЭМ-мен бірлесіп, шаруаларды су үнемдеу технологияларын орнатуға ынталандыру үшін ұңғымаларды бұрғылауға және су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын өтеу үшін төленетін субсидия мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Облыс әкімдіктеріне су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нақты тапсырмалар берілді, оларды 2030 жылға дейін суармалы жерлерде енгізу бойынша мастер-жоспарлар әзірленді және бекітілді. Биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің жалпы ауданы – 382,6 мың гектар. 2024 жылдың басынан 70,6 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу жүйелері енгізілді.

Мәселен, әрбір өңір үшін климаттық ерекшеліктері, су ресурстары мен өсірілетін дақылдардың ерекшеліктерін ескеріп, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикаторлар әзірленіп, жеткізілді. Су тапшылығының ұлғаюына және қымбат тұратын фермерлік еңбекке байланысты жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиялары көптеген елде кең қолданыла бастады және Қазақстан да осы технологияларды ауқымды енгізуді қолға алады. Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану, оның ішінде суды үнемдейтін суару технологияларын белсенді енгізу есебінен бірдей қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін аз суды пайдаланудың негізгі қағидатына көшу үшін алғышарттар жасалады. Жалпы, суарудың су үнемдейтін технологияларын енгізу суармалы суды 20-30%-ға (2 км3-тен астам су) үнемдеуді қамтамасыз етеді. Бұл үнемделген су ресурстары есебінен суармалы жер ауданын ұлғайтуға және 2030 жылға қарай суармалы жер ауданын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді министрлік.

Жоғарыда атап өткендей, Тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде экономика салаларында пайдалану үшін 2,6 текше шақырым су жинау, су тасқыны қауіпін азайту, сондай-ақ магистральдық және шаруашылық каналдар арқылы тасымалдау кезінде су шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар мал және өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруаларға су ресурстарына қолжетімділікті арттырады. Сонымен қатар, Үкімет қаулысымен су шаруашылығы инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту арқылы болжамды су тапшылығы жағдайында маңызды ресурсты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы саласындағы мәселелерді жедел шешуге бағытталған Қазақстанның су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. 

Бүгінгі таңда республика аумағында 89 текше шақырым су жинай алатын 405 су қоймасы жұмыс істейді. Бұған қоса, 42 жаңа су қоймасы салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама