Жазда Бурабайда қанша турист демалатыны белгілі болды

Қымбат Елтайқызы

Статистика жарияланды

фото: Halyq Uni

Жаз маусымында «Бурабай» ұлттық паркіне жарты миллионға жуық адам барды, деп хабарлайды Halyq Uni.

1 маусым мен 31 тамыз аралығында Бурабайға 450 мыңнан астам адам барды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық. Жазғы туристік маусымды қорытындылаған «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің дирекциясы осылай деп мәлімдеді.

Биылғы 8 айда ұлттық парк 650 мыңнан астам қонақты қабылдады. 2023 жылдың 8 айындағы көрсеткіш – 550,7 мың адам, – деп қосты баспасөз қызметі.

Бурабай ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шаралар өтетін орынға айналып жатыр. Бұл туристерді тартуға және Бурабай танымалдығын арттыруға ықпал етеді. X-Waters Kazakhstan 2024, Aqbura Bay trail 2024 сынды спорттық іс-шараларға мыңдаған адамның келгені – осының дәлелі.

«Инфрақұрылымды дамыту және экскурсиялық бағдарламаларды кеңейту Қазақстаннан ғана емес, шетелден де демалушыларды тартады. Жазда саябаққа 8 мыңнан астам шетелдік турист келді. Қонақтардың географиясы бойынша ТОП-5 ел қатарында Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Германия және Қытай бар. АҚШ азаматтары қызығушылық танытып отыр», – деді «Бурабай» МҰТП директорының даму жөніндегі орынбасары Венера Нұғыманова. 

Саябақ экологиялық туризмді дамытуға ерекше назар аударып, жайлы демалу үшін жағдайларды белсенді дамытып отыр. Аймақ табиғатымен жақынырақ танысуға көмектесетін экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттар арқылы осы жазда 9 мыңнан астам адам жүріп өтті, – делінген ақпаратта.

Жазғы маусымның қорытындысы «Бурабай» ұлттық паркінің Қазақстандағы ішкі туризмнің жетекші бағыттарының бірі ретіндегі позициясы нығая түскенін көрсетіп отыр.