×

Түркістандықтар австралиялық мал шаруашылығы әдісін қолданады

Бірнеше жоба бар

 Қымбат Елтайқызы 21.09.2024 | 13:50
фото: АШМ

Түркістан облысында австралиялық мал шаруашылығы әдісін қолданатын бес жоба жүзеге асады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірде австралиялық мал шаруашылығы әдісі бойынша жалпы құны 55,2 млрд теңгені құрайтын бес ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Кайып Ата» ЖШС-тің үш инвестициялық жобасы бар.

Мәселен, 2025 жылы Арыста компания 25 мың бас ірі қара мал бордақылау кешенін іске қосады. 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында қуаттылығы 1500 бас ірі қара мал сою және өңдеу кешені мен мал биржасы іске қосылады, – деп қосты ведомство.

Өңір ет экспорты бойынша Қазақстанда көшбасшы саналады. Облыс үлесіне экспортталатын ірі қара мал етінің 80% және қой етінің 75% тиесілі. Биылғы жылдың жеті айында 6,9 мың тонна сиыр еті мен 4,7 мың тонна қой еті экспортталды.

«Туран Агро Ет-Сут» және «Кайып Ата» ірі кәсіпорындары етті Өзбекстанға, Иранға және Тәжікстанға экспорттайды. Мәселен, «Кайып Ата» Тәжікстанмен 110 тонна ет экспортына келісімшарт жасасты, жеткізілім басталды.

Түркістан облысында 1,1 млн бас ірі қара, 5,3 млн қой, 474,7 мың жылқы, 43,9 мың түйе және 2,2 млн бас құс бар. Жеті айда облыста 112,8 мың тонна ет, 280,2 мың тонна сүт және 143,6 млн жұмыртқа өндірілді. Облыста ірі қара мал үшін 9183 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оның ішінде сыйымдылығы 400-ден 1000 басқа дейінгі 13 алаң және сыйымдылығы 1000 басқа дейінгі 22 алаң бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама