Биыл шетелдік инвесторлар елімізге 88,5 млн доллар құйған
Премьер-министр Олжас Бектенов Грузияның бірінші вице-премьері Леван Давиташвилимен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан-Грузия үкіметаралық комиссиясының 12-отырысы өтті. Онда Олжас Бектенов пен Леван Давиташвили көлік және логистика, АӨК, энергетика, туризм, авиация өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Биыл бірінші тоқсанда грузин инвесторлары Қазақстан экономикасына 88,5 млн доллар инвестиция құйды. Жалпы 10 жыл ішінде инвестиция көлемі 500 млн доллар асты.
Қос тарап транзиттік-көлік секторындағы перспективаға назар аударады. Екі елдің аумағы арқылы Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға апаратын ірі трансконтиненттік көлік дәлізі өтеді.
Қазақстан мен Грузия – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында белсенді ынтымақтастықта. Бұл бағыт бойынша жүктерді ауыстырып тиеу өткен жылы 65%-ға, биыл 8 айда 69%-ға өсіп, 2,9 млн тоннаға жетті. Мемлекет басшысы орта дәлізді дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Біз бұл бағыт бойынша тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін Үкімет транзит жағдайын жақсарту бойынша дәйекті шаралар қабылдап жатыр, - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды белгілеу, жеткізу мерзімін қысқарту және ТХКБ бойынша, оның ішінде Баку – Тбилиси – Карс желісі арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ көлік дәлізін белсенді түрде цифрландыру керек. Бұл халықаралық тасымалдаушылар үшін аталған бағыттың тартымдылығын арттырады.
Леван Давиташвили Грузия тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екенін атап өтті.