Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау пәтерін жалға беретін қазақстандықтардың бірыңғай тізілімін құруды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа жолданды.
Бүгінде Қазақстанда 4,5 млн адам үйге мұқтаж. Оның – 1,3 млн-ы жастар, - деді Нұргүл Тау.
Депутат министрлік төмендегі мәселелерге назар аударуы керек деп санайды:
- Еліміздегі мыңдаған салымшы азап тартып отыр. 2023 жылы Қазақстандағы үлестік құрылыстың көлеңкелі нарығының үлесі 70% шамасында болды. Мысалы, күні кеше Алматы облысында дау шықты. Онда 200 отбасы екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай отыр;
- Қазір мойнында бірнеше несиесі бар отандастарымыз аз емес. Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтерілген. Осылайша, көптеген отандасымыз алғашында үй үшін несие алса, кейін баспанасын жөндеу кредит алуға мәжбүр болды. Сондықтан тұрғын үйлердегі пәтерлер толық жөнделгеннен кейін ғана оларды пайдалануға беру ұсынылады. Бұл тәжірибе Аустрия, Германия және Францияда бар. Мұнда әр пәтерді жөндеу бағасы салымшымен алдын ала келісімшарт аясында белгіленсе, мүлік бағасының шарықтауын алдын алуға болады;
- Бүгінде елімізде 2 млн-нан аса адам баспана жалдайды. Олардың басым бөлігі – студенттер, ал пәтерді жалдау бағасы күннен күнге шарықтап жатыр. Сондықтан пәтерлерді жалға беру және алу нарығын реттеудің күні келді деп санаймын. Осыған байланысты пәтерлерді жалға беру бағасының шектік арасын айқындау қажет. Сондай-ақ бұл үрдіс іске асырылуы үшін жалға берушілердің бірыңғай тізілімін құру және жалға алу және беру шартының типтік жобасын бекіту қажет деп есептейміз;
- Кейбір құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды айналып өту үшін тұрғын үйді сатып алу үшін алдын ала шарт жасасады. Осылайша, Қазақстанда аталған шартты жасасқан 6800-ге жуық үлескер зардап шегіп отыр. Сондықтан тұрғын үй сатып алудың алдын ала шарт жасасуға тыйым салу керек;
- Қазақстандағы тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын банк аясында trade-in бағдарламасын енгізуді ұсынамыз.