Туристер ағымына әсер еткен негізгі себептер де аталды
Қазақстандағы туристер саны екі аптада жарты миллионнан асты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қыркүйекте өткен іс-шаралар нәтижесінде елімізге 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті. Оның 68 мыңы Қазақстанға Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және теміржол көлігімен келген, деп мәлімдеді Туризм және спорт министрлігі.
Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.
Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келді. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам туристің елімізге келуі тіркелген. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді, – деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Вице-министрдің сөзінше, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
EQonaq жүйесі елордада 12,4 мыңға жуық шетелдік туристі тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1500 доллардың шамасында. Демек, Көшпенділер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ доллар қосқан.
Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Айталық, Ұлттық музей 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист, ал «Нұр-Әлем» павильонына 10 мыңға жуық адам келген.
Халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шара саналатын Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Ойындардың ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, этноауыл мен ойындардың өзін көруге 250 мыңнан астап адам келген.