Түркия Қазақстанда су үнемдеу технологияларын дамытады
Жаңа зауыттар салады
Akplas түрік компаниясы елімізде ауыл шаруашылығы ирригациялық жүйелерін өндіру жөніндегі жобаны жүзеге асырады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Akplas өкілдері Хусейн Акын мен Зубрейн Акын ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен кездесу барысында жобаны егжей-тегжей талқылады.
Түркияның ауыл шаруашылығы ирригациялық жүйелерінің жетекші өндірушісі Қызылорда облысында зауыт салады. Ауданы 22 гектар жер телімі бөлінді.
Мұндай кәсіпорындардың Қазақстан ауыл шаруашылығын тиімді дамыту үшін маңызы зор. Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру суды үнемдеу технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты. Бұл су шығынын азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бізде су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу үшін қолайлы жағдайлар жасалған, оның ішінде фермерлер шығындарының 80%-на дейін субсидиялау есебінен. Біз өз тарапымыздан жобаны іске асыруға көмек көрсетуге дайынбыз, - деді Сапаров.
Өз кезегінде, компания өкілдері еліміздің тағы бірнеше облысында осындай зауыттар салуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Министр Ресеймен шекаралас Солтүстік Қазақстан облысында Akplas зауыттарын салудың маңыздылығын атап өтті. Бұл осы елге өнім жеткізуді ұлғайтуға ықпал етуі мүмкін.
Айта кетейік, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдау шаралары жыл басынан бері олардың қолданылу алаңын 72 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Қазақстанда су үнемдеу технологияларын пайдаланатын суармалы жерлердің жалпы ауданы 384 мың гектарды құрайды.