Тағы бірнеше бірлескен жоба іске аспақ
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Венгрияның төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронмен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Венгрия делегациясының құрамына Венгрия елшілігінің сауда кеңесшісі Золтан Нитрай, құрметті консул, LAC Holding президенті Ласло Хорват, президент кеңесшілері Питер Мишкуца және Лайош Очай кірді, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда тұқым шикізатын қайта өңдеу жөніндегі тұқым зауытын, мал шаруашылығына қажетті жемшөп базасын өндіру жөніндегі үлгілі шаруашылықтарды, аграрлық саланы дамыту үшін қазақ-венгр бірлескен қорын құру мәселелерін талқылады.
Айдарбек Сапаров Венгрия тарапымен басқа да басым бағыттарда ынтымақтасуға дайын екендігін атап өтті.
АӨК саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі, - деді министр.
LAC Holding компаниясының президенті Ласло Хорват ауыл шаруашылығын дамытудағы өзара іс-қимыл жоспарлары туралы хабарлады. Атап айтқанда, ҚР АШМ Венгрия ауыл шаруашылығы университетімен тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Осы жұмыс аясында Венгрияның агроном мамандары қазақстандық аграршылармен өз білімдерімен, жетістіктерімен бөліседі.