Halyq Uni логотип
×

Ірі қара мал етінің алғашқы партиясы Тәжікстанға экспортталды

Тағы бірнеше елге экспорттау көзделіп отыр

 Қымбат Елтайқызы 18.09.2024 | 10:50
Ірі қара мал етінің алғашқы партиясы Тәжікстанға экспортталды
фото: АШМ

Ірі қара мал етінің алғашқы партиясы Түркістан облысынан Тәжікстанға экспортталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысынан Тәжікстанға алғаш рет 16 тонна ірі қара мал еті экспортталды.

Бұған дейін «Қайып ата» ЖШС мен Тәжікстан арасында 110 тонна ет экспортына келісім жасалған болатын. Келісім аясындағы жұмыс қыркүйекте басталды, – деп қосты ведомство.

«Қайып ата» ЖШС кәсіпорны еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді. 2023 жылы компания Өзбекстанға 4500 тонна сиыр экспорттаса, тағы 140 тонна ірі қара мал етін Иранға экспорттады. Биыл 5000 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланып отыр. Жыл басынан бері «Қайып ата» ЖШС Өзбекстанға 2945 тонна сиыр еті мен 12 тонна қой етін экспорттаса, Иранға 118 тонна қой етін экспорттады.

Сонымен қатар, «Қайып ата» ЖШС Австралиямен бірлесіп үш ірі инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың бас ірі қара малды бордақылау кешені салынады. 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында 1500 бас ірі қара мал сою және қайта өңдеу бойынша жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде жетекші орынға ие. Экспортталатын сиыр етінің 80% және қой етінің 75% осы аймаққа тиесілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама