×

Ғылым қоры мен неміс зерттеу қоры бірлескен жобаларды дамытады

Отандық ғалымдар технологияларды коммерцияландыруды үйренді

 Қымбат Елтайқызы 17.09.2024 | 15:39
фото: Halyq Uni

Ғылым қоры мен неміс зерттеу қоры бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Технологияларды коммерцияландыру саласындағы неміс ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту мақсатында Ғылым қорында Германияның ең ірі ғылыми ұйымы – Неміс зерттеу қоры (Deutsche Forschungsgemeinschaft, DFG) өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге Ғылым қорының төрағасы Камиль Ақатов, төрағаның орынбасары Әлия Сембаева, DFG халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Йёрг Шнайдер, DFG-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі маманы Элиза Бреккефельт, DFG-ның инженерлік ғылымдар жөніндегі бағдарламалық директоры Козима Шустер, сондай-ақ CASIB Алматыдағы кеңсесінің басшысы Питер Либельт қатысты, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Ғылым қоры мен Неміс зерттеу қоры өкілдерінің кездесуіндегі басты тақырып – жаңа ғылыми-инновациялық коллаборацияларды құру перспективаларын және қазақстандық ғалымдарды бірлескен ғылыми жобаларға тарту бағдарламасын жүзеге асыру бастамасын талқылау болды. DFG Орталық Азияда іске асырылатын «Қолданбалы ғылымдар университеттеріндегі зерттеулерге арналған желі» (UDIF-HAW) бастамасын ұсынды. Бұл бағдарлама қолданбалы ғылым университеттері мен өңірдің ғылыми институттары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған, – деп қосты ведомство.

Неміс әріптестері ғылыми ынтымақтастық құралдарын пайдалану тәжірибесімен бөлісіп, Неміс зерттеу қоры тарапынан Орталық Азия мен Қазақстан ғалымдары үшін қолжетімді қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсынды. DFG жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Орталық Азия елдерінде шамамен 30 000 ғылыми жобаны қаржыландырады. Қордың жылдық бюджеті 4 миллиард еуродан асады. Қазақстандық ғалымдар үшін технологияларды коммерцияландыру саласындағы мүмкіндіктер, сондай-ақ неміс әріптестерімен ынтымақтастықтың жаңа нысандары талқыланды.

Ғылым қоры Horizon Europe бағдарламасы аясында Германияның зерттеу ұйымдарымен белсенді байланыс орнатып жатыр. Бұл қазақстандық ғалымдардың халықаралық жобаларға қатысуына қосымша мүмкіндіктер ашады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама