Бұған қоса, тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын
Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқаны және өңірлік кооперацияға қолдау көрсеткені үшін Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы былтыр қыркүйекте Берлинде басталған жоғары деңгейдегі диалог тұрақты және сенімді сипатқа ие болғанын атап өтті, деп мәлімдеді Ақорда.
Тоқаев ортақ мүдделерге ден қоя отырып, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.
Бірінші – тауар айналымын ұлғайту. Бірлескен өңірлік жобаларды тиімді іске асыру есебінен сауда көрсеткішін арттыру, тауарлар номенклатурасын кеңейту – маңызды міндет. Мәселен, Қазақстан Германияға сомасы 850 миллион долларды құрайтын тауардың 100 түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайтуға дайын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді келесі басымдық ретінде атады.
«Германияға энергетикалық ресурстардың сенімді әрі ірі жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстан неміс нарығына мұнай экспортын арттыруға әзір. Көмірсутегін ұзақмерзімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуде германиялық серіктестеріміздің қолдауына алдағы уақытта да сүйенеміз. Елдеріміздің орнықты дамуы үшін энергияның баламалы көздеріне ауысудағы бірлескен қызметімізді жандандыра түсу маңызды деп санаймын. Сутекті энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Еліміз Өзбекстанмен және Әзербайжанмен Каспий теңізінің табаны арқылы Еуропа елдеріне қарай «жасыл» энергетиканы жеткізу желісін салу жобасын пысықтап жатыр. Германиялық серіктестерге осы стратегиялық жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.