Маңызды кездесу өтті
Қазақстан Моңғолияға асыл тұқымды қойларды экспорттайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Самат Төлегенов Моңғолияның бас ветеринария басқармасының өкілдері Батсух Басаан және Дэлгэрмаа Басаанмен кездесті, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Кездесу барысында ветеринария саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері, соның ішінде Қазақстанның Моңғолияға асыл тұқымды қойларды экспорттау мәселесі талқыланды, – деп қосты ведомство.
Осы жылдың тамызында екі елдің ведомстволары экспортталатын тауарлық және асыл тұқымды қойлар мен ешкілерге арналған ветеринариялық сертфикатқа келіскен болатын. Қыркүйектің басында Моңғолия өкілдері Түркістан облысының шаруашылықтарына ветеринариялық-сантиариялық талаптарға сәйкестік бойынша тексеріс және тәуекелдерге бағалау жүргізді. Ветеринариялық қызметтің құрылымы мен елде жүргізіліп жатқан ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар оң бағаланды.
Сондай-ақ, тараптар ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның бас ветеринария басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы жаңа меморандум жобасын талқылап, ветеринар мамандар мен ұлттық ветеринариялық зертханалар қызметкерлері арасында тәжірибе алмасуға келісті.