Жуырда бұндай әрекетке тыйым салынғаны белгілі
Қазақстанға 526 тонна Ресей бидайын әкелу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биылғы жылдың 11-12 қыркүйегінде Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан Батыс Қазақстан облысының теміржол фитосанитариялық бақылау бекетінде 8 вагон бидай табылып, Ресейге қайтарылды, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
526 тонна Саратов және Тула облыстарынан Шымкент қаласына жеткізілмек болған. Бұл жұмысты өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар ҚР ҰҚК ШҚД «Жайық» шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметшілерімен бірлесіп жүргізді, – деп қосты ведомство.
Ішкі нарықты қорғау және астықты кері экспорттау фактілерін болдырмау үшін 2024 жылғы 26 шілдеде сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында транзитті қоспағанда, үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен Қазақстан аумағына көліктің барлық түрімен бидайды әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылданды.