Қазақстан Иракқа сиыр мен қой етін экспорттайды
Ирак елімізбен АӨК саласында ынтымақтастық орнатады
Бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Ирактың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джабер Нажма Адбуллах Әл-Темимимен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Вице-министрдің мәліметінше, 2023 жылы еліміз мен Ирак арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1 млн долларды, 2024 жылғы қаңтар-шілдеде 672 мың долларды құрады, ал ҚР-дан Иракқа экспорт 2024 жылғы қаңтар-шілдеде 640 мың доллардан асты. Негізінен Иракқа пияз, күріш, ұн, ірі қара және ұсақ мал майы экспортталады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Біз екі жақты байланыстарды нығайтуға, сауданы дамытуға, астық, күріш, ұн, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жандандыруға дайынбыз. Экспортталатын позициялардың тізімі кеңейтіліп, жеткізілім көлемі ұлғайтылуы мүмкін, - деді Ермек Кенжеханұлы.
Өз кезегінде, Джабер Нажма Адбулла Әл-Темими бірқатар бағыт бойынша қарым-қатынасты дамытуды ұсынды. «Біз мелиорация, агротехника, мал шаруашылығы саласында оң тәжірибесі бар Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделіміз», - деді ол.
Осыған байланысты вице-министр АШМ-нің ірі және ұсақ мал экспортын кеңейту, жаңа нарықтар ашу бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты. Мәселен, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Иракқа 30 мың тоннаға дейін қазақстандық сиыр мен қой етін жеткізуге, сондай-ақ ірі қара малдың асыл тұқымды және өнімді сапасын жақсарту үшін асыл тұқымды материал беруге дайын.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.