Halyq Uni логотип
×

Жоғары аудиторлық палата бюджет шығыстарын жоспарлауда кемшіліктер анықтады

Екі жыл кезеңнің өзінен бірқатар кемшілік анықталған

 Қымбат Елтайқызы 12.09.2024 | 13:48
Жоғары аудиторлық палата бюджет шығыстарын жоспарлауда кемшіліктер анықтады
фото: Halyq Uni

Жоғары аудиторлық палата 2025-2027 жылдарға арналған бюджет шығыстарын жоспарлаудағы кемшіліктерді анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәжілісте «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Жоғары аудиторлық палата мүшесі Ардақ Теңгебаев аталған заң жобасына Жоғары аудиторлық палатаның тиісті қорытындысын ұсынды.

Мұқият жүргізілген талдау шеңберінде мынадай бағыттар қаралды:

  • халық денсаулығын сақтау;
  • «Жайлы мектеп» және «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобалары;
  • республикалық автожолдар салу және реконструкциялау;
  • ТЖ алдын алу және жою.

Мәселен, ТМККК желісі бойынша дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті қалыптастыру кезінде қолда бар қалдықтар ескерілмеген. Бұл шамамен 2 млрд теңге сомаға бірқатар атау бойынша артық жоспарлауға алып келді. Жалпы, қажеттілікті есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша берілуі 2025 жылға жоспарланған 152 мектепті іске асырудағы кемшіліктер мен проблемалар анықталды. Іс жүзінде олардың құрылысы әлі басталмаған, өйткені жобалау-сметалық құжаттар толық бекітілмеген, конкурстық рәсімдер толық аяқталған жоқ, барлық объектіге жер бөлінбеген. Бірінші кезеңдегі мектептерде де осындай проблемалар бар.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының кейбір тармағын орындаудың өзектілігі мен орындылығына талдау жүргізілмеген. Мәселен, Цифрлық даму министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша интернет жылдамдығы кемінде 20 Мбит/с болатын МЖӘ жобаларын іске асыру көзделген. Бұл ретте Ұлттық жоба бойынша азаматтарды кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетке қосумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұндай сәйкессіздік жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге әсер етуі мүмкін, – деді Жоғары аудиторлық палата.

Жоғары аудиторлық палатаның бағалауына сәйкес, мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар есебінен республикалық автожолдар салу және реконструкциялау жобаларының басымдылығы тікелей және жанама әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалауды ескере отырып айқындалуы тиіс. Алайда бүгінде мұндай ақпарат жоқ. Сонымен қатар бекітіліп қойған жобаларды іске асыру мерзімдерінің кешіктірілуі байқалады: орташа нормативтік ұзақтығы 3 жыл бола тұра, құрылыс іс жүзінде 5-6 жылға созылады.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы негізгі проблемалардың бірі – орман мекемелері мен басқа да бейінді ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі төмен. 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасында мәселені қаржы лизингі механизмі арқылы шешу ұсынылған. Алайда ол бюджет заңнамасымен тікелей реттелмеген. Бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалану қаупін тудырады.

Жалпы, 4,6 трлн теңгені қамти отырып, талдау қорытындысы бойынша 117 млрд теңгені қайта бөлу, 12,2 млрд теңгені қосымша қарастыру, 3 млрд теңгені оңтайландыру ұсынылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама