Әкімдіктер жыл соңына дейін 17 мың пәтер сатып алады

Айгерім Таубай

«Наурыз» бағдарламасына 2025 жылға өтініш қабылдау қаңтар-ақпанда басталады

Фото: Halyq Uni

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова «Наурыз» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары аяқталған пәтерлерді беруді ұсынды. Банк басшысының айтуынша, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген пәтер аяқталмаған жұмысқа тең, деп хабарлайды Halyq Uni.

Біз baspana.kz сайтын іске қостық. Ол жерде құрылысты жүргізген компания пәтерді белгіленген баға бойынша тіркейді. Бұл «Наурыз» бағдаралмасына қатысушыға пәтерді таңдауға және сол пәтердің бағасы жылдың соңына дейін өзгеріп кетпейтініне сенімді болуға мүмкіндік береді. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасының бюджеті 200 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Бағдарлама атауы «Наурыз» болғандықтан, пәтерін рәсімдей алатын азаматтардың аты-жөні наурыз айында белгілі болғанын қалаймыз. Қаңтар-ақпанда 2025 жылға өтінішті қабылдау басталады. Бұл бағдарламаның жалпы сомасы – 1,7 трлн теңге. Бұл 8 жылға бөлінген қаражат, - дейді Ләззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы бағдарлама аясында берілетін үйлерді сылақ түрінде емес, әрленген, жөндеу жұмыстары жасалған күйде беру бастамасын көтерді.

«Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысушы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қандай да бір коммерциялық банкке барып, қарыз алмауы үшін қажет. Ең дұрыс шешім – үйді әрленген күйде сатып алу. Сылақ күйінде берілген пәтерді құрылыс жұмысы аяқталмай сатылған деп санаймын», - дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА СҰРАНЫС АРТТЫ

Банк басшысының айтуынша, су тасқынынан кейін Батыс Қазақстан облысында баспанаға деген сұраныс артқан. Өңірде пәтер тапшылығы болып жатыр.

Кейінгі уақытта жергілікті әкімдіктер тарапынан баспана сатып алуға деген сұраныс артты. Сатып алу құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз азаматтарға беру үшін сатып алып жатыр. Бұл жыл құрылыс салушылар үшін қарбаласқа толы болады. Барлық әкімдік 2024 жылдың соңына дейін жалға берілетін баспана үшін 17 мыңға тарта пәтер сатып алуды жоспарлап отыр, - дейді Ләззат Ибрагимова.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА БАЛА ТУУҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Басқарма төрағасы қазақстандықтарға арналған ипотекалық бағдарламалардың азаматтардың өміріне қаншалықты оң әсер етіп жатқанына талдау жүргізілетінін айтты.

«Наурыз», «Отау» және өңірлердегі жастарға арналған бағдарлама арқылы тереңдетілген талдау жүргізу, оның ішінде балалардың тууына қаншалықты әсер етіп отырғанын білу жоспарда бар. Бұл жағдайда отбасының баспаналы болғанша қанша ұл-қызы болғаны және баспана алғаннан кейін 2-3 жылдағы демографиялық өзгерістер сараланады. Клиенттердің арасында түрлі оң пікір айтылады. Отбасы пәтерлі болғаннан кейін сол үйде сәби дүниеге келетінін айтады. «Бақытты отбасы» бағдарламасының оқушылардың үлгеріміне оң әсер етіп отырғанын білеміз. Отбасы жалдамалы пәтерден өз үйіне қоныс аударғаннан кейін балалардың көңіл күйі көтеріледі, сенімділік пайда болады, - дейді Ләззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы өңірлердегі баспана нарығына да тоқталды. Мысалы, Астана қаласында жаңа пәтерге сұраныс жоғары, ал Алматыда мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың өзіне пәтер табыла бермейді.