Bereke bank пен Tele2 cатылады: Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция салмақ

Дәурен Ерболат

Елімізде 9 бірлескен жоба іске асырылады

Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, президенттің 2024 жылғы ақпандағы Қатарға сапарының қорытындысы бойынша қос ел арасындағы уағдаластықты іске асыру үшін 20 наурызда Доха қаласында келісімге қол қойылған. Келісім инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуды, тартымды инвестициялық орта қалыптастыруды көздейді.

Нәтижесінде елімізге жалпы сомасы шамамен 20 млрд доллар болатын инвестиция тартылады. Жалпы келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда, 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру ескерілген. Оның ішінде  Bereke bank АҚ-ның 100% акциясын Lesha bank-тың сатып алуы жөніндегі жобасы қамтылған, – деді министр. 

Жоба мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында қаралған банк саласындағы бәсекелестікті арттыру үшін Қазақстанға 3 шетелдік банкті тарту тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ келісім аясында «Қазақтелеком» АҚ құрамындағы «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/ALTEL) ЖШС қатарлық Power International Holding компаниясына сатылады.

Сонымен қатар, бірлескен жобада 3 газ өңдейтін зауыт (қуаттылығы жылына 1, 2.5, 6 млрд текше метр газ) салу да бар.

Аталған жобаларды іске асыру Қашаған кен орнының ресурстық базасын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ елдің ішкі қажетін жабу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған.  Газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы жылына 6,9 млрд текше метр тауарлық газды, 410 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын, 60 мың тонна газ конденсатын және 770 мың тонна күкірт өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы аталған жобалар Қазақстанда тауарлық газ өндірісінің көлемін 18%-ға ұлғайтады, – деді Нұрлан Байбазаров.

Министр келесі жоба «Бейнеу-Бозой-Шымкен» магистральдық газ құбырының екінші желісін салуға қатысты екенін айтты.

Жобаны іске асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  Сондай-ақ газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын ұлғайтуды, Қытай бағыты бойынша газ экспортының көлемін сақтауды, Алматы жылу электр орталығын газға ауыстыруды қамтамасыз етеді. Жалпы жобаны іске асыру оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлердің ұлғайып отырған қажетін қанағаттандыруға және экспорттық көлемді қолдауға мүмкіндік береді, - деді үкімет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ КС-14 жаңа компрессорлық станциясы, «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистральдық газ құбырын салу жоспарланып отыр.

Ол Қостанай қаласы мен Қостанай облысының тұрғындарын газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын арттыруға бағытталған. Жоба Қостанай облысын және жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарын газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді, бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, – деді ведомство басшысы.

Қызылорда облысында бу-газ қондырғысы базасында электр станциясы салынады. Жобаны іске асыру жаңа маневрлік қуаттарды енгізу үшін бу-газ қондырғысын салуға, сондай-ақ «Қызылорда-Шымкент» және «Қызылорда-Жезқазған» электр беру желілерін салуды көздейді.

Бұдан бөлек, Ертіс өзенінде қуаты 350 МВт-қа дейін су электр станциясын салу жобасы бар. Ол жаңа маневрлік қуатты енгізу, сондай-ақ Шүлбі су электр станциясының контрреттеу функциясын орындауға жол ашады.

«Жобаны іске асыру Шүлбі су электр станциясының тиімділігін 1050 МВт-қа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Ертіс өзенінің ағысы бойынша қысқы кезеңде су тасқыны ықтималдығын жоюға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Байбазаров.

Дауыс беру нәтижесінде аталған заң жобасы қабылданды.