Halyq Uni логотип
×

Жүздеген тонна Ресей бидайын Қазақстанға әкелуге тырысқандар анықталды

Биыл дәнді дақылдарды елге әкелуге тыйым салынған еді

 Қымбат Елтайқызы 08.09.2024 | 09:30
Жүздеген тонна Ресей бидайын Қазақстанға әкелуге тырысқандар анықталды
фото: Halyq Uni

251 тонна Ресей бидайын Қазақстанға әкелуге тырысқандар анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Елімізге дәнді дақылдарды әкелуге тыйым салынғаннан бері тыйым салынған өнімді заңсыз әкелуге көптеген әрекет байқалып жатыр. Белгіленген шектеулерді айналып өту үшін әртүрлі әдіс қолданылуда, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Мысалы, 6 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының теміржол фитосанитарлық посттарында аумақтық инспекция инспекторлары Ресей Федерациясының Саратов облысынан келген 4 вагон бидайды (251 тонна) тауып, кері қайтарды. Вагондар Талдықорғанға бағытталған, – деп қосты ведомство.

Бұл факт дәнді дақылдардың контрабандасы әрекеттерінің жалғасып жатқанын көрсетеді. Өсімдіктер карантині бойынша инспекторлар үздіксіз бақылау мен қадағалау, тексерулер жүргізіп, ақпаратты талдайды, ережелердің сақталуын қадағалайды және заңбұзушылықтарды анықтайды. Бұл елдің фитосанитарлық қауіпсіздігін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Ішкі нарықты қорғау және дәнді дақылдарды қайта экспорттау фактілерін болдырмау үшін 2024 жылдың 26 шілдесінде Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында Қазақстан аумағына үшінші елдерден және ЕАЭО мемлекеттерінен келетін бидайды барлық көлік түрімен әкелуге 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салу туралы шешім қабылданды. Бұл шешім Қазақстан аумағы арқылы бидай транзитін қоспағанда, күшіне енеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама