Қазақстанға тартылатын инвестиция азайып жатыр – сенатор
Бұған премьер-министрдің бірінші орынбасары жауап беруге тиіс
Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов шетелден елімізге тартылатын инвестиция көлемі азайып жатқанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолданды.
Құрметті Олжас Абайұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақсан халқына Жолдауында «Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін дәл осы жәрде және дәл қазір қағидаты бойынша шешім қабылдау, ең қажет шара» деп атап өтті. Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді инвестиция керек. Сондықтан экономикаға инвесторларды тартуға бағытталған барлық шараны жедел түрде енгізу өте маңызды. Бүгінде инвестицияны тарту, оған тапсырыс беру қағидаты іске асырыла бастады. Яғни прокурорлық сүзгі, жасыл дәліз сияқты инвестициялық жобаларды қолдау желілері іске қосылып жатыр, - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Сенатор мемлекет басшысы шетелден инвестицияны тиімді тартуға бірнеше рет назар аударғанын еске салды.
Көптеген шетелдік сапардың нәтижесінде халықаралық бірлестіктердің жұмысы аясында басқада мемлекеттермен ынтымақтастық туралы сан салалы шарттарды президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітіп келеді. Осылайша, дипломатиялық деңгейде мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуал жасау үшін жан-жақты күш салып жатыр. Алайда осыған қарамастан экономикамызға инвестиция тарту жағдайы жоғары дәрежеде емес, - деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстанға тартылатын шетелдік инвестиция ағыны азайып жатыр.
2023 жылы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 23,4 млрд доллар болды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен 28,2 млрд доллар болғанын ескерсек, оның 16,9%-ға төмендегін көреміз. Ал 2024 жылғы бірінші тоқсанда ол 5,7 млрд доллар болды. 2023 жылғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырсақ, оның 28%-ға аз екенін көреміз. Талдау нәтижесі инвестицияның төмендеуін тау-кен өндіру саласында және өңдеу өнеркәсібінде тіркелгенін көрсетіп отыр.
Мәселен 2022 жылы тау-кен саласында 12,1 млрд доллар инвестиция тартылса, 2023 жылы ол 8,4 млрд долларға яни 30%-ға төмендеді. 2024 жылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 2,4 млрд доллар болып, 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 33,3%-ға азайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі осы аралықтағы инвестиция 45,6%-ға тең болды. Мұнда бір ескеретін жайт, бұл көрсеткіштердің төмендеуі мемлекеттің осы салалаларға көптеп көңіл бөліп жатқанда болып отыр», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Премьер-министр инвестиция тарту тиімділігіне назар аударып, инвестициялық штабтың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын тескеруі керек.
«Олжас Абайұлы, сізден осы айтылған фактілерді ескеріп, инвестиция тақырыбында Сенатта өткен Үкімет сағатының ұсынымдарын іске асыруды қайта қарауыңызды және шетелдік инвесторлар тарту бойынша кешенді жұмыстарды толық іске асыру қажет деп санаймыз.
Президенттің 2023 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвестициялық штаб мүшелеріне дербес жауапкершілік белгіленген. Осыған байланысты «Шетелдік инвестиция ағынының азайғаны үшін жауапкершілік анықтала ма?» дейтін заңды сұрақ туындайды.
Үкімет басшысының өкіміне байланысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары инвестициялық штабтың төрағасы болып ауқымды және құзыретті инвестициялық штабты басқарады. Осыған байланысты қазір аталған инвестициялық штаб қызметінің тиімділігі, нақты нәтижесі, оның ашықтығы қандай деңгейде деген сұрақтар бар, - деді сенатор.