Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысының әкімі президентке өңір қашан газбен толық қамтылатынын айтты

Аймақ басшысы облыстың дамуы жайлы есеп берді

 Қымбат Елтайқызы 05.09.2024 | 13:05
Жетісу облысының әкімі президентке өңір қашан газбен толық қамтылатынын айтты
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берілді және алдағы жоспары таныстырылды. Президентке 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,4 пайызды құрағаны баяндалды. Облысқа 188,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның ішінде жеке инвестицияның мөлшері 136,7 миллиард теңгеге жетті.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, аймақ экономикасының аграрлық салаға негізделгенін ескере отырып, пайдаланылмаған жерлерді қайтару және айналымға енгізу шараларына, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру, қант өндірісін дамыту мәселелеріне баса мән берілген, – делінген ақпаратта

Мемлекет басшысына өнеркәсіп өндірісін өркендету, өңірге инвестиция тарту жайында мәлімет берілді. Атап айтқанда, бірқатар перспективті инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы сияқты ірі жобалар бар. Өңірдің көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетін арттыру үшін жүйелі жұмыстар қолға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жай-күйі туралы айтылды. Облыс әкімінің сөзінше, жыл соңына дейін өңірді газбен қамту деңгейі 56,5 пайызға жетеді. 2028 жылға қарай Жетісу облысы көгілдір отынмен толық қамтылады деп күтіліп отыр. Соңғы 2 жылда облыста 86 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып, жөндеуден өткен.

Президентке тұрғын үй және жол құрылысы, туризмді дамыту жайында ақпарат берілді. Жалпы Жетісудың туристік бағыты Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының тау массивтері секілді халық жиі баратын орындардың әлеуетіне иек артады. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасы мен Жасылкөлге апаратын жол салу жоспарланған, – делінген мәліметте.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама