Дәмханаларда көрсетілген қызмет үшін 10% алуға тыйым салынуы мүмкін
Көрсетілген қызмет көңіліңізден шықса, даяшыға өз еркіңізбен шайпұл бере аласыз
Тамақтану орындарында көрсетілген қызмет үшін жалпы соманың 10%-ын түбіртектен алып тастауды көздейтін норма заңға енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мен бұған дейін жарияланбаған ақпаратты (инсайд) бөлісейін: қазір біз ішкі сауда ережелеріне өзгерістер дайындап жатырмыз. Біздің ойымызша, егер сізге қызметтер ұсынылса, оның құны көрсетілсе, қосымша ақы алынбауы керек. Бұл шайпұл мен әртүрлі жарналарды мәжбүрлеп төлеуге қатысты болып отыр, - деді Арман Шаққалиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін.
Оның айтуынша, келешекте дәмханалар мен мейрамханалар көрсетілген қызмет үшін 10% ала алмауы мүмкін.
Бүгінде түбіртекте 10% міндетті атрибут ретінде көрсетілген. Бз атрибут ретінде көрсетілген осы шайпұлды алып тастауды көздейтін өзгерістерді дайындап жатырмыз. Яғни (көрсетілген қызмет үшін алынатын) 10%-ды алып тастаймыз. Егер (түбіртек) қызметтің жалпы сомасы көрсетілсе, сіз неге 2 рет төлеуіңіз керек... Алайда сізге көрсетілген қызмет ұнаса, онда өз еркіңізбен шайпұл төлей аласыз, - деді министр.