Елімізде биологиялық тыңайтқыштар өндіріле бастайды
Өсімдіктерді қорғау құралдары да өндірілмек
Қазақстанда биологиялық тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары өндіріле бастайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұндай уағдаластыққа ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пен REKA B. V компаниясының бас директоры Эрик Эгбертс кездесу барысында келді.
Кездесу қазақстандық делегацияның Нидерландыға ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ресми сапары аясында өтті, – деп қосты ведомство.
REKA B.V. қазақстандық ауыл шаруашылығы нарығында 2016 жылдан бері тұқым мен өсімдіктерді қорғау құралдарына арналған табиғи жабындарды өндіруге маманданған. 2020 жылы компания осы өнімдерге негізделген өсімдіктерді қоректендіру бойынша арнайы тұжырымдамасын жасай бастады.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан аумағында биотыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіруді бастау жөніндегі жоспарларды талқылау болды.
REKA компаниясы өндірісті 2025 жылдың бірінші тоқсанында бастау ниетін растап, содан кейін нарық қажеттіліктеріне сәйкес көлемнің ұлғаюын қарастыратынын жеткізді. Бұл жоба Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиялық тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етуге арналған, – деп толықтырды министрлік.
Кездесу барысында REKA-ның АШМ ҰАҒББО-мен ынтымақтастығы туралы мәселе қаралды. Компания бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұйымдастыруға қызығушылық білдірді. Бұл озық тәжірибе мен білімді беруге ықпал ететін болады.
Сондай-ақ, REKA, Hanseplant және қазақстандық серіктестер арасында бірлескен кәсіпорын құру перспективалары талқыланды. Бірлескен кәсіпорын инновациялық агротехнологияларды енгізуге және екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.
АШМ және REKA B.V. компаниясы Қазақстанның аграрлық секторын жаңғыртуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын нығайтуға бағытталған әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.