Алматыда бренд тауарды заңсыз сатқан кәсіпкер анықталды

Халық үні

Кәсіпкер заңсыз тауарларды Қазақстанның барлық өңірінде сатқан

Фото: Әділет министрлігі

Алматыда Hugo boss тауар белгісін заңсыз пайдаланған кәсіпкер анықталды. Бұл туралы әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласы әділет департаменті «HUGO BOSS AG» компаниясы өкілінің шағымы бойынша 28 тамызда кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде базарлардың бірінде ерлер киімін көтерме сатумен айналысатын жеке кәсіпкердің Hugo boss тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны анықталды.

Осылайша кәсіпкерден 1,5 млн теңгеден астам сома тұратын 1 600 дана тауар тәркіленді.

Әділет министрі бұл кәсіпкердің жалған тауарларды Қазақстанның барлық өңірінде сатқанын хабарлады. Сондай-ақ тауардың сатып алу құны нақты сомадан 300%-ға асатыны анықталған.

Қазір әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 158-бабы бойынша кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр. Осы баптың санкциясында тауарды тәркілеп, 80 АЕК-ке (295 360 теңге) дейін айыппұл салу қарастырылған.