×

Инфляция 3-4% аралығынан аспауы керек - Тоқаев

Жаппай тәртіпсіздіктер мен төтенше жағдай кезінде ұлттық валютаға қысым артқан, дейді Президент

 Ербол Тұрымбет 11.01.2022 | 12:30
фото: ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Мәжіліс отырысында елдегі инфляция деңгейін 2025 жылға қарай 3-4 пайыз аралығына түсіруді тапсырды. Соған байланысты үкімет Ұлттық банк және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді іс-шаралар әзірлеуі қажет. Мемлекет басшысының айтуынша, ол импортқа деген тәуелділікті, артық делдалдықты төмендету және ақша-кредит саясаты бойынша шараларды қамтуы тиіс.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ бәрібір бағаның бақылаусыз өсуіне тап болып келеміз. Жоғары инфляция неше жылдан бері экономикамыздың басты проблемасына айналды. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетті. Оны тоқтататын кез келді. Инфляцияны тұрақтандыру керек, – деді Тоқаев. 

Сондай-ақ Президенттің айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктер мен төтенше жағдай кезінде ұлттық валютаға қысым артқан. Сондықтан ішкі және сыртқы нарық қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмыс Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктелді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымы мөлшерін қайта қарауды тапсырған болатын.

Бүгінгі Мәжіліс отырысында Қазақстанның жаңа премьер-министрі тағайындалған еді. Бұл қызметке Әлихан Смайылов келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама