Қостанай облысында ірімшік зауыты ашылады

Қымбат Елтайқызы

Онда осы сүт өнімінің 20 түрі шығарылмақ

фото: Halyq Uni

Қостанай облысында ірімшіктің 20 түрін шығаратын зауыт іске қосылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде АӨК-тегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Осы тапсырма шеңберінде өңірлерде агроөнеркәсіптік кешеннің шикізаттық бағытынан инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға көшу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қостанай облысында 2024 жылдың қараша айында «Милх» ірімшік өндіру зауыты пайдалануға беріледі. Жобаның құны 7,2 млрд теңгені құрайды. Толық қуаты іске қосылған кезде кәсіпорын тәулігіне 250 тоннаға дейін сүт өңдеп, қатты ірімшіктің 20-дан астам түрін өндіреді. Өндіріс қуаты жылына 2 мың тонна ірімшікті өңдеуге мүмкіндік береді. 35 жаңа жұмыс орны ашылады, – деп қосты ведомство.

Қазіргі уақытта нысанда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Цехтың металл қаңқасы орнатылды, ғимарат еденіне стяжка жасалды, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Неміс өндірісінің көптеген жабдығы әкелінді.

«Милх» ЖШС Қостанай облысында 27 жылдан астам жұмыс істейді. Негізгі қызмет түрі – сүтті өңдеу және сүт өнімдерін шығару. Қазіргі уақытта кәсіпорында сүт өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады. Олардың ішінде Қазақстан мен Ресей өңірлерінде сатылатын қатты ірімшіктер мен балмұздақ түріндегі жоғары өңделген өнімдер бар.

Қостанай облысына СҚО тәжірибесін тираждау жобасы аясында 2023 жылы қуаты 400 бастан басталатын сүт-тауар фермаларының құрылысына жеңілдікпен кредит беру үшін 15 млрд теңге бөлінді. Құрылысы жоспарланған 6 сүт-тауар фермасының біреуі пайдалануға берілді.