Ірі компанияларға қомақты айыппұл салынды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бизнеске жүргізілген тексерістің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Президент Жолдауын орындау үшін және негізгі нарықтарды монополиясыздандыру аясында агенттік мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту және бәсекелестік ортаны нығайту жөніндегі бағдарламаларды белсенді іске асырып жатыр. Оның аясында маңызды тергеу де жүргізілді.
Мысалы, тарифтерді заңсыз көтергені үшін «Яндекс.Такси» компаниясы жауапкершілікке тартылды. Бұл жүргізушілерге 10 млрд теңге төлеуге және 1,4 млн адам үшін такси құнының төмендеуіне сеп болды, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ Air Astana АҚ-ның заңсыз отын алымының күшін жою нәтижесінде әуе билетінің құны 15%-ға төмендеді.
Бәсекелестікке қарсы жасаған әрекеттері үшін Petrosun және «ТЭК-Қазақстан» компанияларына 2,5 млрд теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар Google-дің Android негізіндегі құрылғыларды пайдаланушыларға іздеу жүйесін өз бетінше таңдау мүмкіндігін беру талабын орындауы маңызды оқиға болды. Бұл өзгеріс қазақстандық монополияға қарсы орган тарихындағы алғашқы прецедент болды, - деп жазылған агенттік таратқан хабарламада.