Кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмі енгізіледі
Қаржы қазаннан бастап бөлінеді
Қазақстанда ішкі саудадағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі іске қосылады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде Қазақстанда ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп бекітілді.
Биыл Сауда және интеграция министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит барысында елімізде сауда инфрақұрылымының одан әрі дамуын тежейтін себептердің бірі бизнестің осы бағытта инвестициялау мүмкіндіктерінің шектеулігі екені анықталды. Осыған байланысты министрлікке кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық әлеуетін арттырудың нақты механизмдерін айқындау тапсырылды.
Нәтижесінде министрдің биыл 21 маусымдағы бұйрығымен Ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары бекітілді. Олар қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша іс-шараларды ынталандыруға бағытталған.
- Бірінші кезеңде мемлекет бұл бағытқа 4 млрд теңге бөлді.
- «Даму» қорынан қаржыландыру биыл қазаннан басталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ережеде мемлекеттік қолдау алушылар үшін отандық өндірістің азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда орындарына орналастыру бойынша қарсы міндеттемелер көзделген. Бұл қазақстандық тауар өндірушілердің өнімді өткізу арналарына қолжетімділігін арттырады.