ӘМСҚ медициналық ұйымдарға 200 млрд теңге қарыз
Қомақты қаржы 2 айда аударылуға тиіс
Біз медициналық ұйымдарға 200 млрд теңге қарызбыз. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алдымен басшы бұл қаржы міндетті түрде медициналық ұйымдарға аударылатынын атап өтті.
Шамамен 200 млрд теңге (қарызымыз бар). Бұл қаржы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша республикалық бюджеттен медициналық ұйымдарға аударылуға тиіс. Ақшаны медициналық ұйымдарға төлеуге міндеттіміз, – деді Сқақов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ басқарма төрағасы неге мұндай мәселе туындағанын түсіндірді.
«Мұндай үлкен проблема болды. Біз мойындаймыз. Жылдың басында бізде қаржыны аударатын ақпараттық жүйе болмады. Қазір оны іске қосып, жаппай ақшаны аударып жатырмыз. Алайда екінші мәселе туындады. Ол – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша қаржының жетіспеушілігі. Сондықтан біз осы аптаның соңына дейін мамыр айын қоса алғанда міндетімізді орындаймыз. Республикалық бюджеттен қаржы түскенде қыркүйекте мамыр, маусым айлары бойынша яғни 1,5-2 айда медициналық ұйымдардың алдындағы қарызды біртіндеп жабамыз», - деді қордың басшысы.