Еліміздегі еңбек мигранттарының көбі – Қытай азаматтары

Қымбат Елтайқызы

Қазақстанда 13,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

фото: Halyq Uni

2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 835 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 559 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 502 рұқсат (екінші санат), деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 097 және 538 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 860 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 279 адам тартылды, – деп қосты ведомство.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 806 жұмыс беруші бар. Оларда 428,3 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,8%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 825 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 895 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 577, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 377 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 351 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 248 адам, Өзбекстан – 1 956 адам, Түркия – 1 146 адам, Үндістан – 1 066 адам, – деп толықтырды министрлік.

Еңбек министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.