×

Қант қат болғандықтан, Шымкенттегі кәмпиттер де шықпай қалды

Отандық қант өндірушілер сұраныстың 30 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы

 Еркеғали Болатұлы 09.06.2022 | 15:35
фото: дереккөз

«Лотте Рахат» АҚ басқарма төрағасы Константин Федорец қант тапшылығы өндіріске қалай әсер етіп жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, Украинадағы соғыс басталғалы ЕАЭС құрамындағы Ресей мен Беларусь елдері қант экспортына тыйым салған. Ал отандық қант өндірушілер сұраныстың 30 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы екен.

«Қант тапшылығына байланысты ирис, барбарис кәмпиттерін өндіруді уақытша тоқтаттық. Қант екі апта болмай, одан кейін қайта пайда болуы мүмкін. Сондықтан Шымкенттегі фабрика кейбір өнімдердің өндірісін уақытша тоқтатты. Бұл кезді пайдаланып, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Шілденің ортасында қант жеткізіледі. Жұмысты сол кезде жалғастырамыз», - дейді ол.

Сонымен қатар ол қантты өзге елдерден жеткізу бойынша келіссөздер тоқтаусыз жүріп жатқанын жеткізді. Қазақстан ЕАЭО құрамында болғандықтан сырттан қант әкелу процесі қиын екен. Оның баж салығы да жоғары болады.

Қазір Үндістанның қантын Бельгия арқылы жеткізу бойынша келіссөз жүріп жатыр. Бұл тұрғыда Үкіметпен кеңесіп жатырмыз. Жалпы бұл ЕАЭС елдерінің үкіметаралық келісімімен шешіледі. Дегенмен біз қанттың біраз бөлігін квотамен кіргізіп берулерін сұрап отырмыз, - дейді Константин Федорец.

Сонымен қатар ол шоколад өнімдерін шығаруға қажетті шикізаттың 96 пайызы сырттан келетінін айтты.

«Бізде ұн, май, қант, сүт қана өзіміздікі, қалған шикізаттың барлығы шетелден келеді. Какао, жаңғақ, тағы басқа өнімдер Түркия, Өзбекстан, Вьетнам сияқты елдерден жеткізіледі. Бізде шығарылатын шикізаттың сапасын әлі де арттыру қажет», - дейді басқарма төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама