Ресеймен шекаралас автожол күрделі жөндеуден өтті
Жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады
Батыс Қазақстан облысында «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» автожолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» автожолының 95-138 шақырымы аралығындағы учаскесінде (ұзындығы 42,2 км) күрделі жұмыстардың аяқталғаны туралы мәлімдеді.
Бүгінгі таңда 95-138 шақырым аралықта жолдық киім қабаттарын орнату бойынша жұмыстар сәтті аяқталып, екі қабаттан тұратын асфальтбетон жабыны төселіп, 17 суөткізгіш құбыры орнатылды, – деп қосты ведомство.
Құрылыс маусымының басынан бері жобаны жүзеге асыру үшін 85 арнайы жол-құрылыс техникасы мен 150-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Сонымен қатар, 100 мың тоннадан астам асфальтбетон қоспасы төселді. Қазіргі таңда жол жиектерін нығайту, өтпелерді орнату мен жолды абаттандыру, оның ішінде жол белгілері мен таңбалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоба аясында модульді санитарлық-гигиеналық торабы бар демалыс алаңдарын орнату қарастырылған. 2024 жылдың соңына дейін жобаны толықтай аяқтау жоспарланып отыр.