«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жолын жөндеу қашан аяқталатыны белгілі болды

Қымбат Елтайқызы

Қазір қандай жұмыстар атқарылып жатқаны айтылды

фото: ҚазАвтоЖол

Жетісу облысында «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолын қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстар аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, олар «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолын қайта жаңарту бойынша (287-615 шақырым аралығында) Жетісу облысында ұзындығы 314 шақырымды құрайтын негізгі жұмыстарды аяқтады.

Қайта жаңарту барысында автожолдың техникалық ерекшеліктері жақсартылды: 32 шақырым І техникалық санатқа, ал 282 шақырым ІІ техникалық санатқа ауыстырылды (жолдың ені 9 метрге ұзартылды). Қазіргі таңда 314 шақырым аралықта жолдың жоғары қабатына қиыршық тасты-мастикалық асфальт жабыны төселді, – деп қосты ведомство.

Құрылыс барысында 5 асфальтбетон зауыты, 500-ден аса жол-құрылыс техникасы мен 700-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды (оның ішінде көбісі жергілікті елді-мекеннің азаматтары). Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 12 демалыс алаңы және 10 заманауи санитарлық-гигиеналық торап соғу жоспарланған. Оның ішінде 4 санитарлық-гигиеналық торабы қолданысқа берілді.

Автожолдың бұл учаскесі енді Алматы қаласынан Алакөлге дейін жылдам әрі қолайлы жетуге мүмкіндік беріп, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына оң септігін тигізеді.

«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының қайта жаңарту жұмыстарының ұзындығы 768 шақырымды құрайды. Бұл жолдың 58 шақырымы І-б санатына, ал 710 шақырымы ІІ санатқа жатады. Жоба үш облысты қамтиды: Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан. Жоба аясында 81 көпір мен жол өткелдерін, сондай-ақ 521 су өткізгіш құбырын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жоба аясында санитарлық-гигиеналық құрылғылары бар демалыс орындарын соғу қарастырылған, – деді компания.

«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолының қайта жаңарту жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.