Санкция салынған ресейлік банктерде қазақстандықтардың 500 млрд теңгесі жатыр
Агенттік басшысы қазақстандықтарға уайымдауға еш негізі жоқ екенін атап өтті
Батыс елдері санкция салған Ресейге тиесілі Сбер банк, Альфа банк және ВТБ-да қазақстандықтардың 500 миллиард теңге көлеміндегі депозиті жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгін сенатта Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыға салынды.
Агенттік төрайымы биыл 24 ақпаннан бастап қазақстандықтар Ресей банктеріндегі салымын отандық банктерге сала бастағанын жеткізді.
«Ресейдің еншілес 3 банкіне – Сбер банк, Альфа банк және ВТБ санкция салынды. Банктердің жұмысына белгілі бір шектеулер енгізілді, яғни корреспондеттік шоттар жабылып, олардың активтері бұғатталды. Олар доллар, фунт стерлингпен есеп айырыса алмай қалды. Осылайша, ресейлік 3 банктен депозитін алғысы келетіндердің қатары артты. Бұл депозиттер өзіміздің қазақстандық банктерге келе бастады», – деді Мадина Әбілқасымова сенат отырысында.
Ол аталған 3 банктің төлем қабілеті барын, ондағы жиынтық портфель де жоғары екенін атап өтті.
Депозиттерін алып, Қазақстан банктеріне аударғысы келетін барлық клиеттің талабы толық орындалды. Бүгінде аталған банктерде жеке және заңды тұлғалардың 500 миллиард көлеміндегі депозиттері сақталған. Сондай-ақ бұл банктердің 1,7 триллион теңге көлеміндегі ликвидтілігі бар. Ликвидті соманың өзі 590 миллирд теңге. Осылайша, бұл сома заңды және жеке тұлғалардың талаптарын орындауға толық жетеді, - деді басшы.
Мадина Әбілқасымова Альфа-банкті БанкЦентр кредит сатып алғанын айтты. Бүгінде Альфа банк қазақстандық банктің бір бөлігіне айналған.
«Жеке және заңды тұлғалардың салымдары мен депозиттері БанкЦентр кредиттің еншісіне беріледі. Міндеттемелердің бәрі осы банк орындайды. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», - деді агенттік төрайымы.