Halyq Uni логотип
×

Каспий теңізінің порттары тексеріліп жатыр

Әсіресе, навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылды

 Қымбат Елтайқызы 17.08.2024 | 18:29
Каспий теңізінің порттары тексеріліп жатыр
фото: Көлік министрлігі

Көлік министрі Марат Қарабаев Маңғыстау облысындағы теңіз порттарын дамыту жоспарының іске асырылуын тексерді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Көлік министрі Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Каспийдегі ірі көлік инфрақұрылымының әлеуетін бағамдады. Ол Ақтау, Құрық, Баутино теңіз порттары мен Саржа, Ертай, Северный теңіз терминалдарының жұмысын тексерді, деп мәлімдеді Көлік министрлігі.

Теңіз инфрақұрылымын дамыту аясында қосымша контейнерлік терминалдар салу, қайта тиеу техникасын жаңарту, логистиканы дамыту, кедендік және әкімшілік рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ ТХКБ және Солтүстік-Оңтүстік дәліздерін цифрландыру жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы, осы жұмысты іске асыру қорытындысы бойынша, 2030 жылға қарай қазақстандық порттардың өткізу қабілетін ағымдағы 21 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту шеңберінде қабылданатын кешенді шаралардың бір бөлігі болып саналады және осы маршрутта жүктерді тасымалдау бойынша өсіп келе жатқан қажеттіліктерге қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп қосты ведомство.

Мәселен, Құрық порты акваториясының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар порт түбін бір жарым-екі метрге тереңдетеді. Жұмыстарға ірі еуропалық Jan De Nul компаниясының арнайы техникасы жұмылдырылды. Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да жүргізіледі.  

Жұмыс сапары барысында Марат Қарабаев Баутино теңіз портының акваториясындағы кемелер қозғалысын басқару жүйесінің жұмысымен де танысты. Бұл жүйе навигациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және теңізде авариялық жағдайлардың туындау қаупінің алдын алады. Жүйе биылғы жылдың тамызында Құрық теңіз портының акваториясында іске қосылды. Ал келесі 2025 жылы Ақтау портында да дәл осындай жүйе іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл шараларды іске асыру СОЛАС-74 халықаралық конвенциясының талаптарына сәйкес, Каспий теңізінің қазақстандық секторында навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атап өтсек, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 7 айда 62%-ға ұлғайып, 2,5 млн тоннаны құрады (2023 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,6 млн тоннаға тең болды).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама