Дегенмен қалған аймақта өсім байқалады
Елімізде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 2,9% құрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өнеркәсіп өндірісінің индексі 2024 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанда 102,9% құрады. Осы кезеңде барлығы 27 694 млрд теңгеге өндірілді, оның ішінде кен өндіру саласында – 12 732 млрд теңгеге (жалпы көлемнен 46%), өңдеуде – 12 938,5 млрд теңгеге (46,7%).
Өндірістің өсуі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 0,5%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда 6% байқалды. Табиғи газ шығару (105,1%), металл кендерін (105,8%) өндіру салаларының артуына байланысты 2024 жылғы қаңтар-шілдеде тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда индекс 100,5% құрады, – деп қосты ведомство.
Өңдеу өнеркәсібінде 2024 жылғы есепті кезеңде 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда индекс 105,1%-ды құрады. Өсім химия өнеркәсібі өндірісінде – 7,4%, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттарда – 16,2%, металлургияда – 9,2%, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіруде – 29,8%, машина жасауда – 4,7%, өзге де дайын бұйымдарда 1,7 есе белгіленді.
Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда электр энергиясын өндіру, беру және тарату көлемдерінің 6,4%-ға және құбыр жолдарымен газ тәрізді отын өндіру және таратудың 7,9% артуы есебінен индекс 106% құрады.
Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 15 өңірінде тіркелді. Ал өмендеу – Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында байқалды.