×

Қазақстан Таиландқа ет пен уылдырық экспорттайды

Екі ел өзара сауда-саттықты нығайту келісіміне қол қойды

 Қымбат Елтайқызы 14.08.2024 | 17:51
фото: Halyq Uni

Бүгін Астанада Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Таиланд Корольдігінің Премьер-министрінің орынбасары - сауда министрі Пхумтам Вечайячай екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Келісім екіжақты экономикалық қатынастарды ұзақ мерзімді және тұрақты негізде дамытуға бағытталған. Қазақстан тай инвесторларын тартып, салық және кедендік баждардан босату сияқты шарттарды ұсына алады. Бұл ел экономикасына оң әсер ете отырып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.

Бүгінде Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 35,9%-ға өсіп, $367,7 млн-ға жетті. Бұл ретте, қазақстандық өнімнің экспорты $55,3 млн-ға дейін ұлғайды.

Министр Таиланд елімен сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың маңыздылығын айта келе, экспорт көлемін арттыру мақсаты тұрғанын жеткізді.

Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі сауда серіктесі саналады. Біз металлургия өнімдерін, химия тауарларын, ауыл шаруашылығы мен минералдық ресурстарды қоса алғанда, $900 млн-нан астам сомаға 100-ден астам тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз, — деді Шаққалиев.

Бұл орайда, Қазақстан Таиландқа бал, уылдырық, ет деликатестері, жоғары сапалы алкоголь және басқа да тауарларды жеткізе алады.

Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде қой жүнін қайта өңдеу, мата, былғары және аяқ киім өндірісінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Қазақстан жаңа инвестициялық жобалар үшін бірқатар жеңілдік пен артықшылықтарды ұсынды.

Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрі жоғары маржиналды тауарлар саудасын ұлғайту үшін авиакаргоны дамытуды және екі ел арасындағы қолайлы визалық режимді іскерлік белсенділікті жандандыруға қолдануды ұсынды.

Өз кезегінде Пхумтам Вечайячай екіжақты сауда қатынастарын дамыту және өзара сауда құндылығын арттыру тетігі ретінде Қазақстанда сыртқы саудаға жәрдемдесу жөніндегі Таиланд өкілдігін ашуды ұсынды. Ол сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлерді Таиландтағы сауда көрмесіне қатысуға шақырды.

«Таиланд пен Қазақстан әрдайым жақсы қарым-қатынаста болды және біз екі ел де өздерінің экономикалық, сауда және инвестициялық қарым-қатынастарын одан әрі жақсартып, нығайта алады деп үміттенеміз. Соңғы 5 жылда Таиланд пен Қазақстан инвестицияларының жалпы көлемі $100 млн-ды құрады. 2017 жылы Қазақстан жалпы сауда көлемі $172 млн болатын ЕАЭО бойынша Таиланд серіктестерінің рейтингінде 2-орынды иеленді», - деді Таиланд Премьер-министрінің орынбасары - сауда министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама