Бұл шешімнің күші жойылды
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз салған айыппұлын сот тәртібімен «бұзды», деп хабарлайды Halyq Uni.
Тексеру нәтижесінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі талаптарының өрескел бұзушылықтары анықталды, деп мәлімдеді облыстық прокуратура.
Мәселен, Уәлиханов ауданының кәсіпкерлік субъектісіне аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының қаулысымен арнайы есепке қоймай айналымдарды жүзеге асырғаны үшін Кодекстің 275-бабы 5-бөлігі бойынша 36,4 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды, – деп қосты ведомство.
Қадағалау органы аталған қаулыға аудандық сотқа наразылық келтірді. Өйткені басқарма қабылдаған шешім Кодекс талаптарын елеулі бұза отырып шығарылған.
Уәлиханов аудандық сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен прокуратура наразылығы қанағаттандырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрып, айыппұл салу туралы шешімнің күші жойылды.
Сот актісі заңды күшіне енді. Нәтижесінде қабылданған қадағалау шаралары жергілікті кәсіпкердің құқықтарын қорғауға қол жеткізді.