Бұл спорттық шаралардың ұйымдастырушылары және қатысушылары үшін кедергілер мен шығындарды азайтпақ
ЕАЭО-да ресми халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу үшін әкелінетін тауарларды өткізу тәртібі жеңілдетілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
2024 жылғы 25 шілдеде «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы ресми халықаралық спорттық іс-шараларда пайдалануға арналған тауарларды өткізу ерекшеліктері, оларды арнайы кедендік рәсімге орналастыру шарттары мен оны қолдану тәртібі туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімі күшіне енді, деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.
Жаңа тәртіпке сәйкес, ресми халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге арналған спорттық жабдықтар, құрылғылар мен өзге де тауарлар арнайы кедендік рәсімге орналастырылады. Бұл шешім шетелдік тауарларға да, ЕАЭО елдерінде өндірілген және үшінші елдерге әкетілетін тауарларға да қатысты, – деп қосты ведомство.
Негізгі өзгерістерге әкімшілік процестерді жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді азайту мен тауарларды тіркеу, бақылау және сертификаттау ерекшеліктері кіреді. Мысалы, команда мүшелерінің өз пайдалануына арналған жануарларды (таңбасы бар зауыттық қаптамада әрі салмағы 5 килограмнан аспайтын) жеткізу үшін әкелуге рұқсат пен ветеринариялық сертификаттар талап етілмейді.
Егер спорттық іс-шаралар өткізілетін елде тауарлар алынып тасталса немесе тәркіленсе, арнайы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатыла тұрады және мұндай тауарлармен одан әрі іс-қимылдар осы елдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, шешім акцизделетін тауарларды, құрылыс пен әрлеу материалдарын, сондай-ақ әкелуге рұқсат беру тәртібіне жататын тауарларды қоса алғанда, оңайлатылған рәсімге жатпайтын тауарларды айқындайды.
Бұл шешімді іске асыру спорттық іс-шаралардың ұйымдастырушылары және қатысушылары үшін әкімшілік кедергілер мен шығындарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.