Қазақ-өзбек кооперациясы аясында 14 мың жұмыс орны ашылады

Динара Амантай

Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысы өтті

Фото: akorda.kz

Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірлесіп іске асырылатын 70 жоба аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Бұл туралы екі ел президенттерінің қатысуымен өткен Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жиында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.

Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Оның пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын 5 млрд долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдердің әлеуеті жетеді.

Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазір жалпы көлемі 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте президент тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды.

Сондай-ақ, кеңес барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.

Кеңес барысында тараптар халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты.