Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 26,8 пайызға өсті
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кейінгі 5 жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті, деді президент.
Бірлескен ірі жобалар оған қатысушы елдерге қомақты пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп отыр. Шекара маңындағы аудандарда сауда-логистика және өнеркәсіп хабтарының желісін дамыту ісі ынтымақтастықтың маңызды бағыты саналады. Бұл хабтар өзара сауда мен ортақ инвестициялық қызметті алға бастайтын жаңа драйвер бола алады, – деп қосты мемлекет басшысы.
Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың стратегиялық маңызы артып келеді. Бұл сала өңірдің қарқынды дамуына жаңаша серпін беретін қозғаушы күшке айналуға тиіс. Экономикалық өрлеудің нақты бастауы саналатын өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға көп көңіл бөлініп жатыр. Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарының биыл бекітілуі осы бағыттағы маңызды қадам болмақ, деп жалғастырды ол.