Заңсыз шығарылған активтерді қайтару: басқарушы компанияға 82 млрд теңгенің мүлкі берілді

Дәурен Ерболат

Астанадағы қымбат нысан сатылды

Фото: Halyq Uni

Қайтарылған активтерді басқару компаниясына 82 млрд теңгенің мүлкі берілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Активтерді қайтару шеңберінде басқарушы компанияның теңгеріміне жалпы құны 82 млрд теңге болатын 48 обьекті тапсырылды, - деп жазылған Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті таратқан хабарламада.

Басқарушы компания Астанадағы элиталық жылжымайтын мүлікті 473 млн теңгеге және Алматыдағы азаматтық ғимаратты 732 млн теңгеге сатқан.

Сондай-ақ Алматы қаласы және Жетісу облысындағы обьектілерді жалға беру туралы бірқатар келісім жасалды. Осылайша, нысандарды жалға беруден айына шамамен 80 млн теңге кіріс түседі деп жоспарланып отыр. Алғашқы төлемдер де жүргізілді, - деп жазылған хабарламада.

Объектілерді сату және жалға беруден түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға әлеуметтік-экономикалық жобаларды одан әрі қаржыландыру үшін жіберіледі.