Ведомство басшысы жұмыс тобын құруды ұсынды
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда салынатын су қоймаларына инвестиция салғысы келетін Израильдің ірі компанияларымен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni.
Министр Value LBH компаниясының басқарушы серіктесі және Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамо бастаған су ресурстарын басқару саласындағы жетекші израильдік компаниялардың консорциумымен кездесті.
Шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанда су қоймаларын салу және реконструкциялауға инвестор ретінде қатысуға дайын екенін айтты. Сондай-ақ Израиль компаниялары су тасқынын болжау және одан қорғанудың заманауи жүйелерін ұсынуға дайын.
Сонымен қатар қос тарап су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тазарту және қайта пайдалану, ауыз судың сапасын бақылау, су ресурстарын бөлу мен есепке алуды автоматтандыру мәселесі бойынша да серіктестік орнату жөнінде пікір алмасты.
Нұржан Нұржігітов кадр даярлау мәселесіне жеке тоқталып, еліміздегі су шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеу жөнінде бастама көтеріп, жоспарланған жобалар бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды.
Біз нәтижелі ынтымақтастыққа ниеттіміз. Израильдік компаниялардың суды сапалы басқаруда мол тәжірибесі мен заманауи технологиялары бар. Кейбір компаниялар Қазақстанда бұрыннан бері табысты жұмыс істеп келеді. Біз барлық салада суды барынша тиімді пайдалануға ниеттіміз, сондықтан серіктестігіміз өзара тиімді болатынына сеніміміз мол, - деді министр.