Қалаларда пәтер қымбаттап жатыр
Елорда мен Талдықорғанда үй бағасы айтарлықтай көтерілген
Қазақстан қалаларында пәтер бағасы бір жылда үштен бірге артты, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Биыл мамырда (өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда) бұрын пайдалануға берілген үйлер 27,9%, жаңа салынған үйлер 19,3% қымбаттаған.
Сондай-ақ үйді жалға беру бағасы бір жылда (2021-2022 жылғы мамыр аралығы) 22,8% өскен.
ҰСБ Баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы Нұр-Сұлтанда жаңа үйлер бір жылда 27,2% қымбаттағанын атап өтті.
«Талдықорғанда (48,6%) бұрын салынған үйлердің бағасы айтарлықтай өссе, Алматыда тұрғын үйді жалға беру 49,9% қымбаттаған», - деді Қуанышбек Жақыпбекұлы.