×

«Қарызсыз қоғам» өкілдері шетелдік сарапшылармен кездесті

Ауыл тұрғындарына кәсібін дұрыс жүргізу үшін кеңес беріледі

 Дәурен Ерболат 02.08.2024 | 18:37
Фото: «Қарызсыз қоғам»

AMANAT партиясының делегациясы Қытайға ресми сапармен барып, ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы кедейлікті азайту орталығының жұмыс тәжірибесін зерттеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Делегация құрамында «Қарызсыз қоғам» жобасының өкілдері де болды.

Іс-сапарда аясына қазақстандық делегация ҚХР халықаралық кедейлікті азайту орталығы директорының орынбасары Ли Синьмен, ҚКП ОК халықаралық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ли Минсянмен, Сун Цинлин атындағы жастардың ғылыми-техникалық және мәдени алмасу орталығының басшысы Го Синьбаомен кездесті.

Аталған орталық тұрмысы төмен қытайлықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған білім беру бағдарламаларды әзірлеп, оны іске асырады.

AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, 2016 жылы ҚХР-дың мемлекеттік кеңесі «Кедейлікті жою» бағдарламасын іске қосқан.

Сол жылы Alibaba компаниясы ауылдарда 20 мыңнан аса қызмет көрсету орталығын ашты. Онда тұрғындар электронды сауда алаңында жұмыс істеуді, интернет-дүкен ашуды және өз өнімін сатуды үйренді. 2017 жылы Қытайдағы ауылдарда 9 млн-нан аса онлайн-дүкен пайда болып, 28 млн жаңа жұмыс орны ашылды», - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының авторы.

Аталған бағдарлама аясында нақты жұмыстар істелген, мемлекет ақпараттық қолдау көрсеткен. Мысалы, соңғы 10 жылда Қытайда кедейлікке қарсы әлеуметтік бағдарламаларға 246 млдр доллар құйылған. Нәтижесінде 2020 жылы кедейлік шегінен төмен тұратын 100 млн ауыл тұрғынының тұрмысы жақсара бастаған.

Қазақстандық сарапшының пікірінше, бұл тәжірибе елімізде кедейлікке қарсы күресте жаңа тиімді әдістерді енгізуге мүмкіндік береді.

Бізде бұрын-соңды мұндай тәжірибе болмады. Сондықтан мұнда жинаған тәжірибемізді «Қарызсыз қоғам» жобасына енгізуге тырысамыз. Біз тек қаржылық сауаттылықпен шектелмейміз. Мысалы, ауылдықтарға ауыл шаруашылығы дақылдарын дұрыс өсіруді үйретеміз. Оларға тауарлық несие беріп, мамандардың сүйемелдеуін қамтамасыз етеміз. «Ауылда жасалған» тұтыну кооперативінің қызметі арқылы жеке шаруа қожалықтарын біріктіреміз, - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Еске сала кетейік, былтыр 2 мамырда «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылған еді.

Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма беріп, 20 өңірде қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін курстар ашылды. Нәтижесінде 150 мыңнан аса адам білім алды.

Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама