Биыл экология заңнамасын бұзғандар 40 млрд теңге айыппұл арқалады

Қымбат Елтайқызы

Жарты жылда 500-ге жуық тексеру жүргізілген

фото: Halyq Uni

Экология және табиғи ресурстар министрлігі жартыжылдық жұмысын қорытындылады. Ведомство экологияны қадағалау, қоршаған ортаны қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау бойынше есеп берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Министрлік экологияны қадағалау және гидрометеорология қызметін дамыту мәселесіне тоқталды. Олардың мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта Экология министрлігі 489 экологиялық тексеру жүргізді. 1331 экология заңнамасын бұзушылық анықталып, 860 ұйғарым жасалды. Нәтижесінде 40 млрд теңгеден астам сомаға 1022 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 13,3 млрд теңгеге 884 айыппұл өндірілді.

Әкімдіктермен және жұртшылықпен бірлесіп өңірлердің экология проблемаларын кешенді түрде шешу бойынша 532 іс-шараны қамтитын 18 жол картасы әзірленді. Оның ішінде 164-ін биыл іске асыру жоспарланып отыр.  Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы жыл басынан бері қолжетімді ең жақсы техниканың үш анықтамалығын жасап жатыр, – дейді Үкімет.

Ауа райы болжамдары мен гидрология деректерінің дәлдігін қамтамасыз ету үшін қосымша 114 метеорология стансасын, 167 агрометеорология бекетін, 139 гидрология бекетін және 143 экология бекетін ашу қажет. Осыған байланысты Экология министрлігі Қазақстанның Ұлттық гидрометеорология қызметін дамытудың және жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ биыл «Қазақстанның Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ашу жоспарланып отырған гидрология бекеттерінің тізбесі қайта қаралды.

2030 жылға дейін мониторингпен қамтылмаған еліміздегі жазық аумақтағы өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде 42 жаңа гидрология бекетін салу жоспарланып отыр. Бұл бекеттер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында, Ұлытау өңірінде, сондай-ақ Қытаймен және Ресеймен трансшекаралық өзендерде орналасады.