Бүгін – Сауда қызметкерлері күні
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауда қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Сауда – әр елдің экономикасындағы, халықаралық қатынастағы маңызды сала. Сауда және интеграция министрлігі өзінің қысқа тарихында табанды және нәтижелі еңбек етіп, ел Үкіметі тарапынан қойылған міндетті межелерге қол жеткезіп келеді. Небәрі 5 жылдың ішінде ішкі сауда айналымы 60 пайызға артты. Ал сыртқы тауар айналымы 43 пайызға өсті. Тауарлар экспорты 2023 жылы 35 пайызға ұлғайды», – деп мәлімдеді Шаққалиев.
Қазір сауда саласында бір жарым миллионнан астам қазақстандық қызмет етеді. Біздің министрлік құрылғаннан бері отандық компаниялар мен өндірушілер электронды сауда тетіктерін меңгеріп, әлемдік электронды сауда алаңдарына шыға бастады. Соны арқасында осы салада қызмет ететін азаматтардың саны өсті, – деп толықтырды министр.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруда тиімді шешімдер қабылданып, баға мониторингі қалыптасты. Соның нәтижесінде елімізде соңғы 8 жылда баға дефляциясы тіркелді. Жақында болған Қытай басшысының елімізге сапары аясында Қытаймен сауда-ынтымақтастық туралы маңызды құжатқа қол жеткізілді. Бұл құжат әлемдегі алпауыт державамен ашық сауда жасауға мүмкіндік бере отырып, әлемдік аренада Қазақстанның сауда-саттық потенциалының жоғары екенін дәлелдей түсті. Иранмен, Сингапурмен және Сербиямен де маңызды еркін сауда келісімдері жасалды.
«Әлемдік экономика бір орнында тұрмайды. Сондықтан сауда саласын әрі қарай дамыту, саладағы көрсеткіштерді еселеу, жаңа тенденцияларға сай жұмыс жүргізу, еліміздің сауда саясатын мығымдау, сауданың әлеуетін арттыру – алдымызда тұрған үлкен міндет. Ал елдік міндетті ешкім жалғыз атқармайды. Мұндай жүгі ауыр жауапкершілікті сіздермен бірге атқарамыз», – деп түйіндеді ведомство басшысы.