Ақмола облысында жер телімі мемлекетке қайтарылды
Ол жылыжай болуға тиіс еді
Ақмола облысында ұзақ уақыт жерді пайдаланбау салдарынан ЖШС жер телімінен айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақмола облысы жер ресурстарын басқару департаментінің Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Дамса ауылдық округінің әкімшілік шекараларында орналасқан ЖШС-ке қатысты жүргізген тексеруі барысында жалпы ауданы 20,0 га жылыжай (көкөніс өсіру) құрылысына берілген жер телімін ұзақ уақыт пайдаланбау фактісі анықталды, деп мәлімдеді Жер ресурстарын басқару комитеті.
Департамент ЖШС-ке аталған заңбұзушылықтарды бір жыл мерзімде жою бойынша тиісті нұсқама берді. Алайда аталған нұсқама орындалмағандықтан 2024 жылғы 14 ақпандағы Шортанды аудандық сотының қаулысымен ЖШС «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды, – деп толықтырды ведомство.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен департаменттің талап арызы бойынша ЖШС-тің жер телімін мәжбүрлеп алып қою туралы шешім шығарылды.