Қазақстанның ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті
Маусымда өткен аймен салыстырғанда сауданың қарқынды өсуі байқалды
Үкімет 2024 жылдың алғашқы алты айындағы ішкі тауар айналымы мен сауда инфрақұрылымына қатысты аралық қорытындыны жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгінде Қазақстанның ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті. Сауданың нақты көлемінің индексі – 3,9% деңгейінде. Маусымда мамырмен салыстырғанда сауданың қарқынды өсуі байқалып, көтерме сауданың 10,5% және бөлшек сауданың 30,6% өсуін қосқанда 16,8%-ға өсті.
Салаға салынған инвестиция көлемі 282,4 млрд теңге болды. Оның 153,6 млрд теңгесі көтерме және бөлшек саудаға бағытталған.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түпкілікті қарыз алушылар үшін 9%-дан аспайды, сондай-ақ жетіспейтін кепілді қамтамасыз ету үшін кредиттер бойынша кепілдіктер көзделген.
Бұған қоса отандық өндірушілердің қолдау аясында бірқатар шаралар енгізілді. Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының кем дегенде 50%-ы және азық-түлік емес тауарлардың 20%-ы отандық өндірісте болуға тиіс. 16 сауда нарығы жаңғыртылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін ол 75-ке жетеді деп жоспарланған.
Айта кетсек, биыл 20 мыңнан астам кәсіпкер мен базарлардың 5 мың қызметкері қолдау алды. Сондай-ақ, сауда объектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін Ұлттық стандарт енгізілді.