Антикор 30 млрд бюджет қаржысының ұтымсыз жұмсалуына жол бермеді
Көптеген мекеме сатып алатын заттарының бағасын әдейі жоғарылатып көрсеткен
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 30 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттік құзыреті шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуына мониторингті жүзеге асырады. Қазіргі сәтте жалпы сомасы 30 млрд теңгеге бағаның көтерілуіне жол берілмеді. Жоба басталған 2020 жылдан бері шамамен 171 млрд теңге үнемделді, деп мәлімдеді Антикор.
Негізінен, әртүрлі деңгейдегі әкімдіктер түрлі техника мен жабдықтарды, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын сатып алу кезінде бағаның көтерілуіне жол берді. Мәселен, Көкшетау қаласында Құрылыс бөлімі 1,1 млрд теңгеге қосалқы трансформатор станциясын сатып алуды жоспарлады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін баға 896 млн теңгеге дейін төмендетілді, – деп толықтырды ведомство.
БҚО-да «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты өрт сөндіру (95 млн) және жүк-жолаушылар автомашиналарын (әрқайсысы 26 млн) 174 млн теңгеге сатып алуды көздеді. Ал олардың нақты құны 40%-ға төмен (тиісінше 69 млн және 18 млн теңге). Автокөліктердің бағасы қайта қаралды, үнемделген сома – 50 млн теңге.
Павлодар облысы Ақсу қаласының Құрылыс бөлімі жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 9 қабатты көппәтерлі екі тұрғын үй салуды жоспарлады. Бұл ретте, 2023 жылы қарашада ұқсас құрылым 1,1 млрд теңгеге тұрғызылды. Бағаны қайта қарау нәтижелері бойынша құрылыстың жалпы құны 2 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Яғни, 1,7 млрд теңгеге жоғарылтуға жол берілмеді.
Алматы қаласы Білім басқармасы 25 қалалық мектеп үшін 1,9 млрд теңгеге ас үй жабдықтарын жаңғырту бойынша көрсетілетін қызметтерді жоспарлады (бірлігінің бағасы 70-тен 79 млн теңгеге дейін, нарықтық құны 20 млн теңгені құрайды). Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін 23 мектеп бойынша сатып алу тоқтатылды. Екі мектеп бойынша сатып алу нарықтық құны бойынша өткізіледі. Қалалық мәслихаттың шешімінен кейін 1,8 млрд теңге мөлшеріндегі қалған сома бюджетке қайтарылады.
Мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жұмыс жалғасып жатыр.